СҚО-да 2024 жылы 4 жоба іске қосылмақ. Ішінде дәрі-дәрмек өндірісі де бар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд. теңгені құрайды. Жобаларды іске қосқаннан кейін 750 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Қолда бар деректерге сүйенсек, өңірде жылына 1 млрд препарат шығаратын дәрі-дәрмек өндірісі қолға алынуы мүмкін. Бұл мақсатқа 15 млрд. теңге бағытталмақ. Кәсіпорында 200 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2024 жылдың соңына дейін 8 млрд. теңгеге ағаш-жаңқа тақталарды өндіретін нысан салу көзделген. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 50 мың текше метрді құрайды. Бұл жерде 300 жұмыс орнын ашу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған қоса облыста 4 млрд. теңгеге электр жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Кәсіпорында жылына 10 мың дана өнім шығарылады, әрі 200 жұмыс орнын құру жоспарлануда.⠀
Алдағы уақытта тағы бір ауқымды жоба іске асырылмақ. 1 млрд. теңгеге әктастан құрылыс блоктарын жасау өндірісі қолға алынады. Осылайша облыста жылына 250 мың текше метр құрылыс блоктары шығарылмақ. 50 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.