Облыста қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 2,5 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 50 қызметтік-іздестіру иттері ат салысуда. Оның 24-і кинологиялық қызмет орталығында, алтауы Петропавл қалалық полиция басқармасында, ал қалғандары — аудандық полиция бөлімдерінде. Иттердің бесеуі есірткі іздеумен айналысады. Мәселен, Грета лақап атты иттің алғашқы жұмысы сәуір айында 25 жастағы қала тұрғынын жалдамалы пәтерде ұстаудан басталды. Қызметтік ит жалпы салмағы 1 кг болатын марихуана оралған 61 түйіншекті анықтады.
— Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 370-тен астам түрлі қылмыс мен құқық бұзушылық ашылды. Есірткімен заңсыз айналысудың 7 фактісі, 5 тонау, 150 – ден астам ұрлық анықталды, — дейді СҚО Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев.
Фото:СҚО ПД баспасөз қызметі