Маусымның 27-сі таңғы сағат 5 кезінде Солтүстік Қазақстанда жан түршігерлік жағдай орын алды. Айыртау ауданының тұрғыны әйелін атып өлтіріп, кейіннен өзіне қол салды. Қайғылы оқиға жайында полицияға марқұм болған ерлі-зайыптының балалары хабар берген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқиға орнына жеткен жеткен жедел тергеу тобы қаза тапқан екі тұрғынның мәйітін көрген. Оның біреуі әйелдің, екіншісі марқұмның күйеуі — Лобанов ауылының 36 жастағы тұрғынының денесі. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ерлі-зайыптының артында кәмелетке толмаған үш бала қалды.
-Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Марқұмдардың артында қалған кәмелетке толмаған үш бала Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Оқиғаның негізгі нұсқаларының біріне сәйкес, 36 жастағы ауыл тұрғыны жанжал кезінде әйелін атқан. Сосын әйелінің өлімінен соң өзіне қол салған. Алайда қорытынды тергеу нәтижелерінен кейін шығарылады, — делінген Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.