27 маусым күні кешке Айыртау ауданындағы Қаратал ауылдық округінің учаскелік инспекторы Высокое ауылының маңында мылтық атылғанын естіген. Оқиға орнында 38 жастағы ер адамды анықтап, одан тіркелмеген 16 калибрлі тегіс ұңғылы қос ауыз мылтықты тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғының айтуынша, мылтықты туыстарының жертөлесінен тауып алған көрінеді. Қару баллистикалық сараптамаға жіберілді, зерттелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы 1-бөлігі «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша қажетті шаралар қабылданады.
-Жыл басынан облыста заңсыз сақталған 62 қару тәркіленді. Сондай-ақ, қаруды сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін 467 хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, азаматтық қаруды сақтау және қайта тіркеу ережелерін бұзудың 107 фактісі анықталды. Қаруды өз еркімен тапсыру акциясы кезінде 23 мылтық тапсырылды, — деді хабарлады СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен