СҚО-да 2 жасқа дейінгі 44 баладан жіті ішек инфекциясы анықталды

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері жіті ішек инфекциясын 149 адам жұқтырса, соның 72 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 16,5 пайызға төмендеген. Мәселен былтыр 180 адам дәрігерге қаралған. Десек те, топпен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жіті ішек инфекцияларын жұқтыру жағдайларының 90 пайыздан астамында сырқаттың үйде дайындалған өнімдерден уланғаны анықталған. Жеке бас тазалығын сақтамағаннан да инфекция жұқтырғандар бар.

-Негізінен жіті ішек инфекцияларын 14 жасқа дейінгі балалар жұқтырған, бұл – барлық ауырғандардың 72 пайызы, 73 жағдай. Соның ішінде 2 жасқа дейін 44 сәби ауырған. Негізгі себебі — үйде дайындалған өнімдер болды. Бұл — барлық жағдайлардың 62 %-ы. Жеке гигиенаны сақтамаудың үлесі – 30 пайыз, көкөністер мен жемістерді дұрыс жумай жеуден ауырғандар саны 2 пайызды, сүт және сүт өнімдерінен – 4 пайызды және ет және ет өнімдерінен улану 2 пайызды құраған. Жіті ішек инфекциялары ошақтарынан 43 ауыз су сынамасы зерттелді, оң нәтиже табылған жоқ, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Салтанат Бекқожина.

Сондай-ақ, облыста биыл дизентерияның 2 жағдайы тіркелген.

-Уланудан сақтануға көмектесетін қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн. Ең бастысы жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз, қолыңызды сабынмен жиі және мұқият жуыңыз, әсіресе тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін. Қайнатылған, бөтелкедегі суды тұтыныңыз. Көкөністерді, жеміс-жидектерді тұтынар алдында ағын су астында, ал кішкентай балалар үшін қайнатылған сумен жуу керек. Тамақ өнімдерін рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алуға болмайды. Тез бұзылатын тағамдардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын сақтау, шикі тағамдар мен дайын тағамды бөлек сақтау керек. Тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият қуырыңыз немесе қайнатып барып қана қолданыңыз, — дейді Салтанат Бекқожина.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz