СҚО-да түрмеге тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандардың жолы кесіліп, 5 материал сотқа жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
7 ай ішінде СҚО бойынша ҚАЖД “ЕС-164/3 мекемесі” РММ тексеру тобының қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қатысты 5 материал толтырып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберді. Жалпы сомасы 16 700 теңге ақша және бір ұялы телефонды алып өту әрекеттері анықталды. Азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және тиісінше жазаға тартылды.
Тыйым салынған заттарды лақтыру әрекеттерінің жолын кесу мақсатында мекеменің режімдік аумағында тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі. Сотталғандарға және олардың туыстарына тыйым салынған заттарды алып өткені және бергені үшін жауапкершілік туралы ескертіледі.
Күту бөлмелерінде мекемелерге тыйым салынған заттарды әкелуге тырысқан адамдар туралы көрнекі ақпарат және әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік шаралары көрсетілген. Сотталғандардан пайдалануға тыйым салынған заттар алынған жағдайда сот қаулысы бойынша мемлекет кірісіне айналдырылуға жатады не жойылады. Айта кетейік, “ЕС-164/3 мекемесі” РММ-де тыйым салынған заттарды алып өтуге жол бермеу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар кешені өткізіледі.