АҚШ-тың Калифорния штатында өткен әлем чемпионатына қатысып, гран-при жеңіп алған «Sensitive» бал биі театры Петропавлға оралды. Талантты жастарды көпшілік теміржол вокзалында салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Мұндай байқауға алғаш қатысып отырмыз. АҚШ-қа, Лос-Анджелеске жеткен бірінші күні-ақ тіркеу болды. 72 елден өнерпаздар жиналды. Командалар өте көп болды, олардың арасында бишілер де, әншілер де бар. Уайымдадық, күніне екі рет жаттығып отырдық, — дейді ұжымның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Әлем чемпионатының форматы бойынша әр командаға бірінші кезеңде өзін көрсетуге бір минут қана берілген.
-Біз еуропалық би — танго, латын-америкалық би – самбо және өз тарихымызда алғаш рет, еліміздің атынан өнер көрсеткеннен кейін ұлттық би дайындадық. Ең қиыны, 60 секундтың ішінде қазылар алқасын баурап алуымыз керек болды. Келесі кезеңге өткенде қуанышымызда шек болған жоқ. Бір таң қаларлығы, басқа елдің қатысушылары келіп, бізді құттықтап, бізбен бірге қуанып жатты. Ол жердергі көңіл күйді айтып жеткізуге болмайды, бәріміз бір-бірімізге бәсекелес болғанымызбен, мықты қолдауды сезіндік, — дейді Ольга Ростовщикова.
Бірінші күні 6 адам, екінші күні 12 адам, ақтық ойындарда танымал өнер жұлдыздары – 8 адам қазылық еткен. «Sensitive» бал биі театрының көркемдік жетекшісінің айтуынша, көпшілік бишілеріміздің мүмкіндігі шектеулі, яғни естімейтініне сенбепті.
Ақтық кезеңге 30 елдің өнерпаздары ғана өтті. Жерлестеріміз АҚШ, Ирландия, Франция, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Канада және Германия елдерінің өкілдерімен бақ сынасты.
-Олардың құрамында 15-20 адамнан өнер көрсетті. Бірақ, бұл жолы да санға емес, сапаға мән беру керегіне көзіміз жетті. Жалпы, осы жобаға қатысуға мүмкіндік берген облыс басшылығына алғыс білдіреміз. Бізге қолдау көрсеткен демеушілерімізге рахмет айтамыз, — дейді «Sensitive» бал биі ұжымының көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Фото: instagram аккаунт @dance_theater_sensitive_deaf