Солтүстік Қазақстан облыстық көпсалалы балалар ауруханасындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі жаңа модульдік инфекциялық ауруханаға көшірілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Бүгінде бөлімшені және онда ем алып жатқан 40 кішкентай науқасты көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар энтеровирус және түрлі инфекциялар мен баспа ауруын жұқтырған.
Модульдік инфекциялық аурухана ғимаратына көшірілген балалар бөлімшесі 85 сырқатқа арналған. Оның 75-і инфекциялық орындар, қалғаны жансақтау палаталары болады. Бұған дейін балалар инфекциялық бөлімшесінің қызметін атқарып келген ғимарат әбден ескірген.
Ата-аналар да нысанның жайсыздығына қатысты талай рет наразылықтарын білдірген. Сондықтан да ғимаратты жөндегеннен гөрі, пайдалануға екі жыл бұрын берілген модульдік ауруханаға көшіру тиімді деген шешім қабылданды. Кезінде коронавиру с науқастары үшін салынған Петропавлдағы модульдік аурухана 200 орынға арналған. Заманауи стандарттарға сай жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Өкпенi жасанды тыныстандыру, УДЗ, рентген аппараттары және компьютерлiк томограф орнатылған.