Петропавлдағы тек 2 дәріхана ғана дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен келісім жасасқан деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, mtrk.kz-ке сілтеме жасап.
Елде коронавирус белең алған шақта препараттардың құны бірнеше есеге шарықтады. Сонда Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша әр өңірде тұрақтандыру қорлары құрылды. Бастапқы кезеңде Петропавлдағы 11 дәріхана қормен бірлесе жұмыс істеу жөніндегі келісімге қол қойыпты. Мұның нәтижесінде сауда нүктелерінде тапшылық жойылған және тұмауға, коронавируқа қарсы өнімдердің бағасы 20 пайызға дейін арзандаған екен. Ал індеттің беті бері қарағасын басым көпшілігі байланысты тоқтатқан.
– Бүгінде Петропавлда 2 дәріхана ғана тұрақтандыру қорымен жұмыс істейді. Оларда парацетамол, цитрамон, тайлол, ситабелдің және түрлі сироптардың құны өзгелерден 20 пайызға төмен. Мысалы, тұрақтандыру қорынан жеткізілетін парацетамол 65 теңге тұрады. Ал өзге нүктелерде ол 100 теңгеден сатылады, — дейді «NordFarmMarket» ЖШС директорыМұрат Жәкенов.
Тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін 2 дәріхананың бірі Тоқсан би, 37 мекен жайында орналасқан. Мұнда төмен бағадағы вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді табуға болады.
– Біздің дәріхана 2020 жылдың соңында бағаны тұрақтандыру қорымен әріптестік орнатты. Содан бері келушілердің саны артты. Клиенттеріміз ризашылықтарын білдіріп жатады. Себебі, басқа дәріханаларға қарағанда бізде баға төмен, — дейді фармацевт Алма Закирьянова.
Ал өңірдегі 13 аудандағы тек 1 дәріхана дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен жұмыс істейді екен. Ол дәріхана Аққайың ауданында орналасқан.