«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Жер аманаты» комиссиясының мүшелері бірнеше облысты аралап, пайдаланылмайтын және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша тиімді жұмыс жүргізді. Солтүстік өңірге сапар нәтижесінде 18,9 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Олардың ішінде Ақжар ауданында – 9,5 мың,Қызылжар ауданында – 4,2 мың, Жамбыл ауданында – 2,5 мың, Мамлют ауданында — 1,9 мың және Ғ. Мүсірепов ауданында — 800 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7,3 млн. гектар жер бар. Биыл жыл басынан бері өңірде 77,6 мың га. пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мысалы, Белое ауылында жергілікті жайылымдық жерлердің ауданы 3 826 гектарды құрайды, оның 1 800 гектары биыл алынды. Алынған жерлердің 82 пайызы халыққа пайдалануға берілді.