Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп қабатты үйлерін жөндеген тұрғындар несиелерін қайтаруға асығар емес. Бүгінде берешек 471 млн. теңгеден асқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Елімізде 2011 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпқабатты үйлерді жаңғырту жобасы іске қосылды. Осылайша тозығы жеткен ғимараттарды жөнге келтіруге, үйдің шатыры мен лифтін ауыстыруға тұрғындарға 0,01 % мөлшерлемемен несие берілді. Ол соманы халық 15 жыл ішінде қайтаруға міндеттелді. Алайда алған несиені тұрғындар қайтаруға асығар емес, бүгінде олардың мемлекет алдындағы берешегі 471 млн. теңгеге жеткен.
-Көпқабатты үйлерді жаңғыртуға мемлекеттен қомақты қаржы бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы бағдарламаны іске асыру үшін 980 млн. теңге, биыл 1,1 млрд. теңге бөлінді. Бірақ тұрғындар қарызды қайтармай отыр. Бұл ақшаны басқа да үйлердің модернизациясына жұмсауға болатын еді. Сондықтан, қала тұрғындарын несиені уақытылы төлеуге шақырамын, — деді Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев.
Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеумен 19 тұрғын үй қамтылды.
-2011 жылдан бері тұрғындардан қайтарылмаған 471 млн. теңге дегеніміз — 80 жаңа балалар алаңқайы немесе 15 аулаішілік жол. Салдарынан қазір аулаішілік жұмыстарды жүргізу — асфальт төсеу, балалар алаңын орнату, спорт алаңын салу ісі тежелген», — дейді Руслан Аңбаев.
Қала әкімінің айтуынша, шаһарда 1100-ден астам көп қабатты үй болса, соның 445-і орталық бөлігінде орналасқан. Оның 313-і тұрғын үйді басқару формасымен қамтылған. Қалған 132 баспанада не меншік иелері, не қарапайым бірлестік әзірге жоқ.
Ашық көздерден алынған сурет