Петропавлда майлы дақылдарды өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Нысан қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан өнеркәсіптік аймақта бой көтеруде. Құрылыс өткен жылы басталған. Ірі кәсіпорын 11 блоктан тұрмақ. Онда дәнді қабылдайтын, сақтайтын, сығатын әрі экстракциялайтын орындар болады. Жобаны жүзеге асыруға 20 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Қаражаттың бір бөлігін “Масло-Дел” серіктестігінің басшылығы бөлсе, қалған соманы “Қазақстанның даму банкі” беріпті.
– Жоспар бойынша кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна рапс, зығыр мен күнбағыс майын өндірмек. Ал жылдық қуаттылық 370 мың тоннаға дейін жетеді. Шикізат өңірімізде жеткілікті. Соны барынша пайдалана білуіміз қажет. Қазіргі таңда Новоишимское ауылында осындай кәсіпорнымыз жұмыс істеп тұр. Онда күніне шамамен 300 тонна өнім өңделеді. Ал салынып жатқан мына зауыттың қуаттылығы бақандай 4 есеге артық болмақ,- дейді “Масло-Дел” ЖШС филиалының директоры Қанат Нұрпейісов.
Зауыт өндіретін өнімнің 25% ішкі нарықта саудаланбақ. Ал қалған бөлігі шетелдерге экспортталады. Бүгінде өзге мемлекеттерден қазақстандық майға сұраныс жоғары. Мысалы, Қытайдың өзі ай сайын 10 мың тонна тауарды сатып алуға ниетті. Жоспар бойынша өндіріс ошағы келесі жылдың соңында іске қосылады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 80-ге жуық адам еңбек етуде.
– Бүгінде күнжара қоймасы дайын тұр. Қазіргі таңда дән сығатын цех пен тұқым қабылдау қоймасының іргетасы құйылып жатыр. Алаңда 12 техника жұмыс істеуде. Зауыт еуропалық стандартқа сай салынуда. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігін Ресейден жеткіздік. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде,- дейді “Масло-Дел” ЖШС филиалының бас инженері Вячеслав Щербаков.
Зауытқа қажетті жабдықтар да дайын. Көбі Германия мен Түркия елдерінде жасалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.