Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ведомство бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту бойынша жаңа тәсілдер әзірлегенін хабарлады.
Мәселен, қолда бар айналым қаражаты шеңберінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін қаржыландыру жоспарлануда, ол нарықты толықтырып қана қоймай, сонымен қатар жалпы қант саласын дамытуға мүмкіндік береді. Қант зауыттары 136 мың тонна қант шикізатының үш айлық көлемін сатып алып, жыл бойы тұрақты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Өз кезегінде зауыттар 1 жылға 460 теңге/кг көлемінде босату бағасын белгілеу, зауыттарды міндетті жаңғырту, сақтау қуаттарын ұлғайту және қант саласын дамыту жөніндегі жоспарды орындау бойынша нақты қарсы міндеттемелерді қабылдайды.
Премьер-Министр Сауда министрлігі ұсынып отырған жаңа тәсілдер жалпы қолдау табатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірқатар кемшіліктерге жол берген, сондықтан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру міндетін орындай алмады. Ол «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындаған жоқ.
-Елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатыр. Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін “айналым схемасын” тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін, — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов сауда үстемесін бақылаудың формалды болуына және делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімсіз жұмысына назар аударды.
Фото: primeminister.kz