Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен сотталғандардың туыстары үшін «ашық есік күні» ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл шара жыл басынан бері үшінші рет өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – сотталғандардың туыстарымен байланысын сақтау және олардың қоғамға бейімдеу.
Сотталғандармен кездесуге біздің өңірден ғана емес, республиканың басқа облыстарынан да 55 туысқан келді. Іс-шара барысында оларға мекемеге экскурсия өткізілді.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның аясында облыстық тәжіктер қауымдастығының өкілдері сотталғандар мен олардың туыстары үшін палау басып, басқа да тағамдар дайындады. Қайырымдылық акциясының мақсаты – жазасын өтеп жатқандарға үйдің жылуын еске салып, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттап, этностар арасындағы достық қарым-қатынастың маңызын түсіндіру. Мұндай іс-шаралар сотталғандардың психоэмоционалды жағдайына оң әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар оларды жақсылыққа ынталандырады.