Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласында алкоголь өнімдерін өндіру бойынша жасырын цех қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың өнеркәсіптік аймағы аумағында үй-жай анықталып, жойылды. Онда облыстың сауда орындары арқылы сату үшін антисанитариялық жағдайда суррогат спирт дайындалған.
Тексеру барысында көлемі 16 мың литрден астам пластикалық ыдыстарға құйылған спирт және құрамында спирт бар сұйықтық, сондай-ақ суррогат спиртін пластикалық ыдыстарға құюға арналған құрылғылар алынды.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Фото: ашық дереккөздерден.