Солтүстік Қазақстан облысында көмірді көлікпен жеткізу құны қымбаттады. Тасымалдаушылар бағасын екі есеге өсіріп жіберген. Енді тұрғындар қымбатшылық кесірінен қыста жылусыз қаламыз ба деп қорқады, хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Бескөл Петропавлдан 15 шақырымда ғана. Осының өзіне көмір жеткізу бағасын шарықтатып жіберді. Былтыр жай жүк көлігіне 8 мың, ЗИЛ-ға 10 мың теңге төлейтін едік. Ал биыл көмір тасуға 15 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сұрайды. Бұл ақшаны да азсынады, — дейді Бескөл ауылының тұрғыны Анастасия Саратовцева.
Әкімдік ақпаратына сенсек, аймақтағы жеке сектордағы халықтың жартысы көмірмен қамтылыпты. Шұбаркөлдің көміріне сұраныс жоғары. Петропавл шетіндегі қоймада қара отынға кезекте тұрған көлік көп. Жүргізушілер көмірдің тиелуін күтіп сағаттап тұрамыз деп шағымданады. Сондықтан тасымал бағасын қымбаттатқан. Тұрғындардың шағымынан соң, отын тасымалына қатысты дауға аймақ басшысының өзі араласты.
– Тасымалға кететін шығынды есептеу оңай. Оны көлікке тиеу мен түсіруі бар. Қаладан 15-20 шақырым қашықтыққа жүк тасу қанша ақшаға шығатынын да білемін. Сондықтан көмір тасымалы құнына қатысты үнемі мониторинг жүргізіп отыру керек. Бақылауды күшейту керек,- деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.