Биылдың екінші тоқсанында жалдамалы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 287,1 мың теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
2021 жылдың осы кезеңінде шағын кәсіпорындарды қоса алғанда, қазақстандық компаниялар қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 18 пайызға өсіп, 233,5 мың теңгені құрады.
Сала бойынша алып қарағанда, биылғы екінші тоқсанда ең жоғары орташа айлық жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу (561,6 мың теңге), сондай-ақ қаржы әрі сақтандыру қызметі (540,4 мың теңге) салаларында белгіленді. Одан кейінгі орында ақпарат пен байланыс (378,9 мың теңге), ғылыми және техникалық қызмет (378,7 мың теңге), сондай-ақ көлік әрі қойма шаруашылығы (330,4 мың теңге) салалары орналасқан.
Ең төмен орташа айлық жалақы сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу, ластануды жою жөніндегі қызметке (167,9 мың теңге), сондай-ақ ауыл, орман әрі балық шаруашылығы (171,1 мың теңге) салаларындағы жұмысшыларға және өнер, ойын-сауық пен демалыс (179,4 мың теңге) секторындағы қызметшілерге тиесілі.
Өңірлік тұрғыда 2022 жылдың екінші тоқсанында ең жоғары орташа айлық жалақы мұнай өндіруші Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Тиісінше, бұл өңірлерде 471,9 мың және 414,8 мың теңге болды. Одан кейінгі орында Ұлытау облысы (364 мың теңге), Астана (346,7 мың теңге) және Алматы (314,8 мың теңге) қалалары тұр.
Ал ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан облысында (212,1 мың теңге), Шымкентте (218,7 мың теңге) және Қостанай облысында (223,8 мың теңге) байқалды.