СҚО-да жыл соңына дейін жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды тіркейтін 28 құрылғы мен 30 бақылау камерасы іске қосылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 221 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 35 адам қаза тауып, 321 адам жарақаттар алды. Жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын ескерту мақсатында полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізуде. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімді шаралардың бірі жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын автоматты түрде фото және бейне тіркеуді пайдалану болып есептеледі.
Бүгінде облыс орталығы – Петропавл қаласында жолдағы бұзушылықтарды тіркеудің 7 автоматты жүйесі жұмыс істейді. Бұл “Интегра” жүйесіндегі интеллектуалды көше қиылыстары және “Мираж” біріктірілген жүйелері. Камералардан тұратын бұл автоматты жүйе көлік қозғалысы көп қиылыстарда орнатылған. 9 айда автоматты бақылау-өлшеу құралдарымен жол жүрісі қағидаларының 5679 түрлі бұзушылығы тіркелді.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту және жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының алдын алу мақсатында 2022 жылдың 1 тамызынан бастап әкімдіктің қолдауымен “Қауіпсіз қала” жобасы шеңберінде көшедегі бейнебақылау камераларының 30 бірлігін, сондай-ақ 28 аппараттық-бағдарламалық кешенді жалға алуды көздейтін “бұлтты сервис қызметтерін” сатып алуға шарт жасалды. Құрылғылар жылдамдық режимінің бұзылуын, тоқтау сызығын кесіп өтуді, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтуді тіркейді, сондай-ақ көлік ағынындағы мемлекеттік нөмірлік белгілерді автоматты түрде танитын болады. Бүгінгі күні осы жүйелерді монтаждау, баптау және тестілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендердің іске қосылуы туралы облыс тұрғындары мен қонақтарын алдын ала хабардар етеміз. Сонымен бірге, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының Facebook және Instagram-дағы @alzhanov691, @police_uap_dp_sko ресми парақшаларындағы ақпаратты қарап отыруға кеңес береміз. Парақшалардың ленталарында әкімшілік полиция жұмысының желісі бойынша өзекті ақпарат үнемі жарияланып тұрады; бұдан бөлек, онда жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендердің орналасқан орындары да көрсетіледі, – деді Серік Әлжанов
Ашық дереккөздерден алынған сурет