Петропавлда Қостанай облысында орман өртін сөндіруге қатысқан СҚО ТЖ департаментінің өрт сөндіру қызметінің қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қостанайдағы өртпен бүкіл Қазақстан күресті десек те болады. Тілсіз жауды жан-жақтан жиылған 1800-ге жуық маман мен 207 техника сөндірген. Олардың 50-і – теріскейлік жігіт.
Салтанатты кеште Қостанай облысында болған мамандардың барлығы қошеметке бөленді. Оларға түрлі дәрежедегі марапат табысталды. Бұл жиында залға жиналған қауым департамент бастығының құттықтауын да қабылдады.
– Біздің өңірдегі сияқты Қостанай облысында да ауа райы құбылмалы. Желдің екпіні жиі өзгеріп тұрады. Сол күндері көрші облыста соққан желдің күші секундына 20 метрге дейін жетті. Мұндай жағдайда өртпен күресу оңай емес. Мүмкін емес деуге болады. Бірақ, сіздер бұйрықты бұлжытпай орындап, отты әлеуметтік нысандарға, мұнай базасына өтуіне жол бермедіңіздер. Бұл – үлкен ерлік, — деді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.