СҚО-да педикулез жұқтырғандар саны өткен жылға қарағанда екі есе азайды

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында биыл педикулезбен ауырудың 48 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге аз, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде биыл педикулезбен ауырғандардың 21-і — 14 жасқа дейінгі бала.

– Педикулез — адамда кең таралған паразиттік ауру, оның қоздырғышы қан соратын жәндік — бит. Ауру тұрмыстық және жыныстық қатынастарда, науқастың заттарын қолданғанда жұғады. Бірінші белгісі — қышу, бұл қан сору кезінде биттердің теріге енгізген сілекейіне аллергиялық реакция. Науқаста педикулезді емдеу эпидемияға қарсы іс-шаралармен бір мезгілде жүргізілуі тиіс. Науқастың денесін ғана емес, оның заттарын да өңдеу қажет. Я ғни бас киімдері, киімдері, төсек-орны мен үй-жай дезинсекциялануы тиіс. Әдетте науқастың денесіндегі биттерді өлтіру қиын емес. Денеден де, заттардан да барлық сіркелерді алып тастау әлдеқайда маңызды. Сонымен қатар, инфекцияның көзін анықтау және оны қайта жұқтырмас үшін емдеу керек, — дейді департаменттің бас маманы Айнаш Сағандықова.

Маманның айтуынша, педикулездің алдын алуға болады. Ол үшін бірқатар ережені естен шығармаған жөн.

– Киім мен жеке заттарды басқаға пайдалануға бермеу, киімді ортақ шкафтарда сақтамау, жеке гигиенаны ұмытпау, апта сайын төсек-орын және күнделікті іш киімді ауыстыру, бассейнде резеңке қалпақ қолдану және бит жұқтырған жағдайда тиісті ем тағайындау үшін дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Биттердің берілуінің барлық жолдарын жою мүмкін емес. Егер баланың шашында сірке болса, бұл оның педикулезбен ауырғанын білдірмейді. Егер сірке шаштың түбінен 7 мм-ден алыс болса, онда ол бос және бит дернәсілдері жоқ болуы мүмкін. Алайда, егер баланың шашында кем дегенде бір бит немесе шаштың түбінде орналасқан бір сірке болса, оны педикулез жұқтырған деп санау керек, — дейді Айнаш Сағандықова.

Санитар дәрігердің айтуынша, баста болатын педикулез қышып, адамның мазасын алғаны және бас терісінің қайталама инфекциясын тудырғаны болмаса аса қауіпті емес. Ал киім биті — сүзек инфекциясының тасымалдаушысы болуы мүмкін, бірақ ол бүгінде өте сирек кездеседі. Негізінен жиі жуынып, таза киім киюге мүмкіндігі жоқ адамдарда болуы мүмкін. Сүзек кезінде дене қызуы көтеріліп, бөртпе пайда болады. Мұндайда инфекциялық дәрігерге көрініп, медициналық мекемеде ем алу қажет.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz