Петропавл полицейлері жоғалып кеткен екінші сынып оқушысын тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
13 қазан күні түстен кейін Петропавлдағы әлеуметтік желілерде екінші сынып оқушысының қаланың ішінде жоғалып кеткені туралы ақпарат пайда болды. Ата-анасы оның сағат 13:00 шамасында белгісіз бағытта кеткенін хабарлаған. Ол туралы бағдарлар петропавлдық полицияның барлық жеке құрамына және облыстық полиция департаментінің сыртқы қызметтеріне жіберіліп, полицейлер тез арада қала көшелерінде баланы іздеуге кірісіп кетті.
Нәтижесінде баланы полиция қызметкерлері Иван Ерёменко мен Жан Оразалин мінген патрульдік полиция батальонының экипажы тауып алды. Тәртіп сақшылары жоғалған баланың көршісімен әңгімелесіп тұрған кезде оны үйінен алыс емес жерде байқап қалған. Әбден абыржыған ата-анасына дереу ұлдарының табылғаны жайлы хабарланды. Ал, еріктілер тез арада әлеуметтік желілерде баланың отбасымен қауышқанын жариялады.
–Отбасы жақында жаңа мекенжайға көшкендіктен бала үйін таба алмай адасып кеткен. Ювеналдық полицейлер ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді. Петропавлдықтардан кішкентай балаларды назардан тыс қалдырмауын сұраймыз. Егер балаңыз жоғалып кетсе, дереу “102” арнасына хабарласыңыздар, – дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.