Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді балалар ауруханасында таңғы астың ішінен құрт шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Емдеу мекемесінің әкімшілігі аталған жайтқа байланысты кешірім сұрап, түсініктеме берді.
– Бұл оқиғадан кейін ауруханада комиссия құрылды. Алдын ала талдау жүргізілді. Ботқаны әзірлеу кезінде ешқандай технологиялық процесс бұзылмаған. Жарманы пісірер алдында ол төрт рет жуылады. Кейін 100 градустық температурада 40 минут бойы қайнатылады. Тамақ әзірлеуге арналған ыдыстар да тексерілді. Ешқандай кемшілік анықталмады. Бәрі талапқа сай, — деді СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.
Айтуынша, ботқа үшін «Идеал» деген тары жармасы пайдаланылған.
– Ол – отандық өнім. Петропавлда жасалады. 2022 жылдың 9 қыркүйегінде ас блогына оның 119 қаптамасы жеткізілді. Ас блогында да еш кемшілік табылмады. Барлығы нормаға сәйкес келеді. Аспазшылардың еңбек өтілі 10 жылдан асады. Оларға да ешқандай шағым түспеген. Жармадан табылған бөгде зат жәндіктердің дернәсілі болуы ықтимал. Ол өндірушінің қоймаларында өнім сапасыз кептірілген кезде герметикалық пакетке түсуі мүмкін, — дейді Айманов.
Айта кетейік, күн сайын ас блогында әзірленген тамақты 320-дан астам бала тұтынады. Тары ботқасы дүйсенбі мен жұма күндері беріледі. Енді ас дайындау бөлмесіне бейнебақылау камерасы да орнатылады. Ал прокуратураның тапсырмасымен қалалық санитриялық-эпедемиологиялық бақылау департаментінің мамандары аталған медициналық мекемеде арнайы тексеріс бастады.