25 қазан Қазақстан үшін маңызды күн болады. 13 жылдан кейін елімізде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. 2009 жылы бұл дата мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тасталынған, бірақ осы жазда Қасым-Жомарт Тоқаев оны маңызды күндер тізіміне қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраевтің айтуынша, қаланың әрбір мекемесінде мерекеге байланысты іс-шаралар өткізілетін болады. 17-21 қазан аралығында әр таң сайын оқушылар мемлекеттік әнұранды орындаса, шығармашыл жастарды қолдау үшін оқушылар арасында пікірталас турнирін өткізу және «Жас Ұлан» қатарына салтанатты қабылдауды ұйымдастыру жоспарлануда.
— Қазан айының ортасында әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында Жастар ресурстық орталығы Ұлттық ұлан Академиясының курсанттарына «өжеттік сабақтары» экскурсиясын жоспарлады. 18 қазан Ғ. Мүсірепов атындағы кітапханада қала тұрғындары үшін хакатон өткізіледі. Сондай-ақ, 20 қазанда Шухов атындағы кітапханада қалалық оқырмандар байқауы өтсе, №1 кітапханада тарих сағаты ұйымдастырылады, — деді Азат Ыбыраев.
Негізгі мереке 20-25 қазан аралығында басталады. Қала тұрғындары үшін Орталық қалалық кітапханада кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қарасай» стадионында және БЖСМ спорт залында 21-23 күндері үстел теннисінен қала чемпионаты өтеді.
— 22 қазанда облыс әкімдігінің қолдауымен Интернациональная және Пионерская көшелерінің арасында барлық аудандардың қатысуымен үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Сол күні Ғарышкерлер 7 көшесінде ауыл шаруашылығына арналған жем-шөп ұсынылады. 23-ші күні «Dostyq Mall» сауда орталығында халықаралық қолөнершілер фестивалінің ашылуы өтеді, содан кейін өнімдер қаланың орталық алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеде ұсынылады. 25 қазанда алаңда мерекелік сауда ұйымдастырылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы «республиканың игілігі» іс-шарасын дайындайды, оның аясында шатырларда шеберлік сыныптары мен этностардың көрнекті өкілдерінің портреттері бар көрме өтеді,-деді спикер.
Дәстүр бойынша челлендж іске қосылып, қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары эстафетаны Қазақстан қалаларының біріне беруімен құттықтау-бейнеролик түсіреді. Театрландырылған ойын бағдарламасын өткізу де жоспарда бар, онда халық драма театрының әртістері ұлттық ойындар өткізеді. Сондай-ақ, 25 қазанға «Менің туым-менің Қазақстаным» флешмобы жоспарланған, ал қалалық мәдениет үйі балаларға арналған шеберлік сыныптары мен жастар концерттік бағдарламасын ұйымдастырады.
— Сағат 11-де алаңда шығармашылық ұжымдар мен қалалық мәдениет үйінің солистерінің қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Мереке соңында сағат 17:00-де алаңда қазақстандық » Ninety One» тобы концерт қояды, — деп атап өтті Петропавл қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы.