Жыл басынан СҚО-да 5 мыңнан астам жаяу жүргінші жол жүрісі қағидаларын бұзды, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаламызда көлік қозғалысы қарқынды, бұған қарамастан қала тұрғындары өз өмірлерін қатерге тігіп, рұқсат етілмеген жол учаскесін жиі кесіп өтеді. Полицейлер көлік бірден тоқтамайтынын және жүргізушілер кенеттен пайда болған адамды байқамай қалуы мүмкін екендігін еске салады.
– Жалпы 9 айдың ішінде облыс жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты 49 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 51-і жараланды. Оның ішіндегі 21 жол-көлік оқиғасына жаяу жүргіншілер себеп болған. 33 жағдайда балалар зардап шеккенін атап өткен жөн. Балалардың ересектерден көргенін істейтінін ұмытпау керек. Үлкендер ережені бұзбай, жолда өздерін балаларға үлгі боларлықтай ұстауға шақырамыз, – деді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Жалпы жыл басынан СҚО-да Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін бұзған 5050 адам жауапқа тартылды, оның 3113-і облыс орталығында тіркелген.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі