СҚО-да 9 айдың ішінде 524 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның 164-і “банкіден қоңырау шалу” жолымен жасалған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаскөйлер өздерін полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде немесе “банктің қауіпсіздік қызметі” ретінде таныстырып, адамдарды олардың есепшотынан біреу ақша алып, не олардың атына несие ресімдеуге әрекет жасап жатқанына сендіреді. Бұдан кейін қылмыскерлер адамдарды ірі көлемде несие алуға көндіріп, ақшаны өздерінің шотына аудартқызады.
244 интернет-алаяқтық интернеттегі хабарландырулар арқылы жалған тауарларға алдын ала төлем талап етуімен байланысты. Интернет-алаяқтықтың басым бөлігі – біреудің атына несие ресімдеу. Бүгінгі таңда аталған қылмыс бойынша 100 факті тіркелді. Полицейлер сатушының адалдығына көз жеткізбей тұрып, алдын ала төлемге келіспеу қажеттігі туралы ескертеді. Біреуге пин-кодтарды, смс-хабарламалардағы кодтарды, банк карталарының сыртындағы CVV кодтарын беруге болмайды. Жеке құжаттардың фотосын да ешкімге жібермеген жөн. Алаяқтар бұл деректерді біреудің атына несие ресімдеу үшін пайдалануы мүмкін.
– Полиция қызметкерлері кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізуде. Интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіліп, құқыққа қайшы контенті бар интернет-сайттардың 326 сілтемесі анықталып, бұғаттауға жіберілді,- деді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Сондай-ақ, полицейлер алаяқтар біреуді алдаған кезде пайдалану мақсатында бөтен банк карталарын сатып алатынын ескертеді. Басқа адамдар үшін өз атына карта ресімдеуге келіспеу қажет, бұған Қазақстан Республикасы заңнамасымен жауапкершілік көзделген.