Петропавлда Республика күні қарсаңында көне суық қару көрмесі ашылды. Оған «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экспозициялық қорындағы құнды жәдігерлер және жергілікті шебердің қолынан шыққан қару-жарақ қойылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Туған өлкем — Қазақстан» деп аталған ерекше көрме Петропавлдағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде өтіп жатыр. Келушілер мұнда жалпы саны 60-тан астам жәдігерді тамашалай алады. Соның ішіндегі ең көрнектісі — музей қорында сақталған қазақтың көне қару-жарағы.
– Қару-жарақ — қазақ халқының мәдениетінің бір бөлігі. Халқымыз қаруға ежелден етене жақын. Ата-бабаларымыздың басынан қандай заман өтпеді, ұлан-байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды. Осындай жерді бізге аманат еткен аталарымызға мың тағзым. Осы көрмеде қарулар бес түрге бөлініп қойылған. Олар: ату, шабу, соғу, түйреу және кесуге арналған қарулар. Оның барлығын осы жерден көруге болады,- дейді музей қызметкері Назгүл Бейсембина.
Көрмеге сондай-ақ, Құлсары мен Тышқан батырдың найзасының ұшы қойылған. Қазақтың батыр ұлы Сұлтан Бейбарыстың қылышына, Артур патшаның семсері – Эскалибур, үнділердің патасы үлгісінде жасалған қаруларды да көруге болады. Мұның бәрі — жергілікті шебер Виктор Жаворонковтың қолынан шыққан бұйымдар.
– Суық және кәдесый қаруларын жасаймыз. Кәсіпорынның құрылғанына 25 жыл, осы аралықта 60 түрлі қару жасауды меңгердік. Әр қаруды жасамас бұрын тарихына үңілдік, зерттедік, ақпарат жинадық. Біздің қарудың тағы бір ерекшелігі – олардың Дамаск болатынан жасалуы. Өте ертеден келе жатқан технология, алты мың қабаттан тұрып, қайталанбас әдемі ою-өрнек береді. Көрмеге қазақтың ұлттық қаруы – қылыш, семсер, селебе, жекеауызды ұсындық. Мұхаммед пайғамбардың қылышы Зұлпықарды да біз әкелдік. Оны жасап шығу оңайға соққан жоқ. Қаншама кітапты ақтаруға тура келді. Екі жыл бойы ақпарат жинап, нәтижесінде жасап шықтым. Қазір оның үш түрі бар, — дейді қару-жарақ жасаушы шебер.
Көне қару-жарақ көрмесі 28 қазанға дейін жұмыс істемек.