Есіл ауданына қарасты Ильинка мен Ясновка ауылдарында округ әкімінің сайлауы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ильинка ауылдық округ әкімі сайлауына өздерінің бағдарламасын әзірлеп, тұрғындарға таныстырған 3 адам қатысты. Сайлаудың қорытындысы бойынша, енді Ильинка округі әкімі қызметін Жасұлан Майнақов атқармақ. Азамат халықтың 78,5% дауысына ие болды.
– Сайлаушылардың жалпы саны 744 адамды құрайды. Тұрғындар белсенділік танытып, таңнан бері ауыл халқының 30%-ы дауыс берді, — дейді Ильинка ауылындағы №141 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Сергей Толокнеев.
Саяси іс-шара Есіл ауданындағы Яснов ауылдық округінде де өтті. Мұнда 2 бірдей учаске жұмыс істеді. Бұл ауылдық округінің әкімі сайлауына да 3 адам қатысты. Олар бұған дейін елді мекенге келіп, тұрғындармен тілдесіп, жоспарларымен бөліскен. Санақ қорытындысы бойынша Серік Шаймергеновтың бағы жанды. Оған Яснов ауылдық округіндегі сайлаушылардың басым бөлігі дауыс беріпті.