Петропавлда тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Тартысты жарысқа аудан мен қала мектеп, колледждерінен келген 21 жасқа дейінгі жастар қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сайыста қыз-жігіттер екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтады. Бұл додада әр жұпқа 1 сағат көлемінде уақыт берілді. Жарыс Республика күніне орай өткізілгенін айта кеткен жөн.
– Соңғы кезде өзіміздің ұлттық құндылығымыз, қазақшылығымыздың иісі аңқыған көп дүниелеріміз кенжелеп қалуда. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойыны да бар. Бұл бабамыздан келе жатқан үлкен құндылығымыз. Бұрыннан аты бар, бірақ заты жоқ дүние болды. Енді осы істі алға қарай дамыту керек,-дейді тоғызқұмалақтан облыс федерациясының президенті Жомарт Омаров.
Жалпы, Петропавл төрінде өткен бұл жарысқа 40-қа тарта спортшы қатысты. Жеңімпаздар республикалық жарысқа жолдама алды. Жүзден жүйрік атанғандар қараша айында Ақтау қаласына барып, өңір намысын ел чемпионатында қорғайды.