СҚО-да есірткіге еліткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
М. Жұмабаев ауданының аумағында жүргізушілердің бірі КамАЗ көлігін жүргізіп келе жатқан адамның мас болуы мүмкін екенін айтып, полицияға хабарласқан. СҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны бұл хабарламаны қабылдап, бірден аттанды.
Челябі — Новосібір республикалық автожолының 611 шақырымында жүк көлігі тоқтатылды.
Полицейлердің айтуынша, жүргізушіде алкогольдің иісі болмаған, алайда оның мінез-құлқы күмәнді көрінді. Ер адам медициналық куәландырудан өтуден бас тартып, өзінің жағдайын ұзақ уақыт ұйқысы қанбағандықтан деп түсіндірген. Дей тұрғанмен, тәртіп сақшылары оны наркологиялық диспансерге жеткізген. Күдік расталып, оның ағзасынан синтетикалық есірткі анықталды.
– Көлік басқарған Қостанай облысының 41 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналды. Сот шешімімен мас күйде көлікті басқарғаны үшін оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Соңғы 4 күнде облыс жолдарында “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде масаң күйде болған 23 жүргізуші тоқтатылды, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.
Жыл басынан барлығы 875 мас жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Полицейлер жол-көлік оқиғаларының ауыр салдарына әкеп соғатын осындай өрескел бұзушылықты анықтау бойынша жұмысты тұрақты жүргізеді.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі