СҚО тұрғыны алаяқтарға алданып, 6 банктен 8,5 млн. теңге несие алған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтықтың кең тараған тәсілінің бірі — өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыратын және клиенттің карточкасымен күдікті операциялар туралы есеп беретін алаяқтардың қоңыраулары.
– Петропавл қаласының полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны хабарласып, алаяқтарға жем болғанын айтқан. Әйелдің ұялы телефонына белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері деп таныстырған және оған несие бергісі келетіндігі туралы хабарлаған. Осыдан кейін қала тұрғыны нұсқауларға сүйене отырып, өз атына 6 банктен қарыз рәсімдеген. Келтірілген шығын сомасы 8,5 млн. теңге. Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жасалған қылмысқа қатысы бар екі адам анықталды. Олар 4 және 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, — дейді Жоламан Құмарбек.
Тәртіп сақшылары алаяқтан зардап шеккен жағдайда бірден полицияға хабарласуға кеңес береді. Көбіне интернет- алаяқтардың құрығына егде жастағы адамдар түседі, сондықтан қылмыстың алдын алу үшін туған-туыс, таныстармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.