Бұл туралы орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары Ильхом Нематов мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.Ол 27 қазаннан бастап
ТМД байқаушылары сайлау науқанын бақылауға кіріскенін айтты.
– Бүгін біз сайлау науқанын бақылаушылар үшін штаб ашып отырмыз. Миссияны ТМД атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев басқарады. Құрамына барлық достастық елдердің 100-ден астам өкілі кіреді. Оның 10-ы 27 қазаннан 21 қарашаға дейін ұзақ мерзімді бақылау жүргізеді,-деді Ильхом Нематов.
Оның айтуынша, қалған бақылаушылар сайлау күні келіп қысқа мерзімді бақылау жүргізбек. Орталық сайлау комиссиясы бүгінде 23 бақылаушыны аккредитациялады. Сондай-ақ, халықаралық бақылаушылар ел заңдары мен барлық халықаралық талаптардың сақталуын қадағалайтынын баса айтты.
– Штаб сайлау заңнамасына құқықтық баға берумен айналысатын болады. Біз барлық облысты қамтуға тырысамыз. Бақылаушылар барлық сайлау учаскесін аралап, сайлау комиссияларының қызметкерлерімен кездесетін болады, – деді ол.
Сонымен қатар төрағаның сөзінше аталған миссия құрамына ТМД-нің барлық елінің өкілі, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, Ресей-Беларусь одақтас мемлекетінің Парламенттік Ассамблеясының өкілдері, Астанада аккредиттелген дипломаттар және ТМД Атқарушы комитетінің қызметкерлері кіреді.