Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазан айының соңында интернет жұмысындағы ақаулар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– 29 қыркүйекте мемлекеттік техникалық қызмет Қазақстан Республикасы инфрақұрылымына толассыз шабуылдар тіркелгенін хабарлады. Оның не үшін және қайдан келгені зерттеліп, инфрақұрылымды қорғау деңгейін арттыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар бойынша кейбір мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ мемлекеттік техникалық қызметтің басты міндеті – Қазақстанның барлық ресурстарын қорғауды қамтамасыз ету, — деді Бағдат Мусин Үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл тек мемлекеттік инфрақұрылымды қорғау үшін емес, тұтас инфрақұрылым үшін де жасалады.
– Тіпті белгілі бір медианың сайттарына шабуылдар жасалды, бұл баршаңызға аян. Мұның алдын алу үшін біз ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеруіміз керек. Зерттеу жұмыстары осы деңгейді арттыруға бағытталған. Оқыс оқиға болып, кедендік бақылау күшейгенде логистикалық маршруттардың өту жылдамдығы төмендейді ғой, бұл жерде де солай, — дейді министр.