Петропавлдағы әскери бөлімнің 60 жылдығына орай Жастар сарайында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жиында облыс әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Дәулет Толыбай жастар мен ардагерлерді айтулы күнмен құттықтады.
– Соңғы 30 жыл ішінде әскери бөлімінің жауынгерлік қызметі біздің жас, қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. СҚО басшылығы мен өз атымнан әскери бөлімінің барлық жеке құрамы мен ардагерлерін осы айтулы күнмен құттықтаймын. Сіздерге жақсылық, бақыт пен денсаулық тілеймін. Еліміз өркендеуі үшін жауынгерлік қызметте табыс тілеймін,- деді СҚО әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Дәулет Толыбай.
Жиын барысында сала ардагерлері әскери бөлімнің үздік қызметкерлері Ұлттық ұлан бас қолбасшысының медалімен марапатталды. Жалпы әскери бөлімнің мерейтойына арналған жиында 150-ге жуық адам түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды.
– Бүгінгі таңда 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстана отырып қызметтік міндеттерін атқарып, бейбіт елдің тыныштығын күзетуде. Еліміздің тыныштығын СҚО-да бақылайтын әскери құрамға жедел мақсаттағы батальон, атқыштар ротасы мен «Бүркіт» бөлімшелері кіреді, — деді 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары Мақсат Мұқаев.