Петропавлда былтыр 36 адам ғана қызамық жұқтырса, биыл сырқаттанғандар саны күрт артып, 421 науқас тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Петропавлда қызамық бойынша жағдай тұрақсыз, сырқаттану соңғы 10 айда 11 есеге артып, 421 жағдай тіркелді. Ауырғандардың 98 % -ы 14 жасқа дейінгі балалар.
– Қызамықпен ауырғандардың 64 %-ы 3 пен 6 жас аралығындағы балалар, 12 % -ы 2 жасқа дейінгі сәбилер. 57 %-ы мектепке дейінгі мекемелерге баратындар, 25 % -ы оқушылар және 16 %-ы үйде отырған балалар,-дейді Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Серік Аусатов.
Маманның айтуынша, қызамықтың негізгі белгілері интоксикация, жұтқыншақтың зақымдануы және ұсақ бөртпелердің пайда болуы. Қоздырғышы А тобындағы стрептококк, сонымен қатар тамақ ауруы, созылмалы тонзиллит, ревматизм және басқа инфекцияларды тудыратын стрептококк инфекциялары. Жұқпалы ауру сырқаттанған және ауру белгісі жоқ адамнан тарайды. Науқас аурудың алғашқы күндерінде айналасындағылар үшін ең қауіпті, тек 3 аптадан кейін ғана басқаларға жұқпайды.
– Қызамық мектепке дейінгі ұйымда тіркелген жағдайда соңғы науқас оқшауланған сәттен бастап күнтізбелік жеті күнге карантин жарияланады. Балабақшаларда ауыру қайталанған жағдайда ауырған балаларда жіті көріністері жойылғаннан кейін топқа жіберіледі. Қызамықты таратпаудың жолы — ауру белгісі бар баланы балабақша мен мектепке жібермеу. Дене қызуы 37°С және одан жоғары көтерілсе, әлсіздік, жүрек айну, құсу, тамақтың қызаруы, денеде бөртпелер болса емханаға жүгіну қажет, — дейді санитар дәрігер.