СҚО әкімінің қабылдауында болған 3-ші топтағы мүгедек Александра Липаева бірнеше жылдан бері тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін жеткізді. 25 жастағы петропавлдықтың базынасын тыңдаған Құмар Ақсақалов мәселені шешетіндігін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Олар мені қоғамдық жұмысқа ғана орналастыратындарын жеткізді. Оның өзі 28 желтоқсанға дейін ғана созылады. Кейін тағы бос орын іздеуім керек болады. Сізге осы мәселені шешіп берсеңіз екен деймін. Тұрақты жұмысқа тұрғым келеді. Маған жарты айлық болса да жетеді. Өйткені, мен спортпен шұғылданамын. Оны да тастағым келмейді,- деді Александра Липаева.
Александраның спортта да жетістіктері жоқ емес. Ол талай байрақты бәсекелерде өңір намысын қолдан бермеген. Нәзікжандының базынасын тыңдаған өңір жетекшісі оның осынша белсенділігіне тәнті болып, міндетті түрде жұмыс мәселесін шешіп беретіндігін айтты.
–Мүмкіндігіңіз шектеулі болғанына қарамастан спортпен шұғылданып, жетістіктерге жетуіңіз көпшілікке үлгі. Көптеген жарымжан жандар өкінішке орай отырып қалады. Әрине мәселеңізді шешеміз. Қала әкімі мен спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысына тез арада тиісті бос орынды тауып, сізді тұрақты түрде екі қолға бір күрекпен қамтуды тапсырамын,- деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов
Жиынға қатысқан спорт және дене шынықтыру басқармасындағылар оның жетістіктерін ескеріп, степендия төлеу жағын да қарастырып жатқандығын жеткізді.