Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев #SENSITIVE би театрының әртістерімен және #EREKSHETEATR жобасына қатысушылармен кездесті. Бұл ұжымдардың құрамында негізінен Солтүстік Қазақстан облысындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мен түлектері өнер көрсетеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мәулен Әшімбаев кездесу барысында балалардың шығармашылығына шын жүректен ризашылығын білдірді және театрдың көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщиковаға осындай маңызды жобаны табысты іске асырып келе жатқаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол ұжымға үнемі қолдау көрсетіп отырған Құралай Түспекова бастаған Ұлттық дельфий комитетінің жұмысын да айрықша атап өтті.
– Кедергісіз және инклюзивті орта құруға ықпал ететін осындай бастамаларды мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау аса маңызды. Мұндай жобалар балаларға жеке және шығармашылық тұрғыдан дамуға, әлеуметтік ортаға бейімделуге, сондай-ақ, өзін-өзі танытуға мүмкіндіктер береді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды ынталандыру үшін осындай бастамалардың маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы биыл желтоқсан айында елордада #SENSITIVE бірегей театрының шығармашылық консертін ұйымдастыруға қол ұшын беретінін айтты. Палата Спикері астана қонақтары мен тұрғындарын балаларға қолдау көрсетуге және аталған қойылымға қатысуға шақырды.
– #SENSITIVE ерекше театрының әртістері өте дарынды. Олар өнерге де, өмірге де құштар. Музыканы жан дүниесімен сезініп, жоғары деңгейде билейді. Театр әртістеріне зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін. Алдағы жоспарларыңыз бен армандарыңыз орындала берсін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, жобаға қатысушылар әлемнің түрлі елдерінде өткен көптеген беделді халықаралық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз болып, жүлдегер атанды. Жақында олар Астанада республика күніне арналған маңызды концерттік бағдарламаға қатысып, сәтті өнер көрсетті.