Петропавлда 20 қараша күні қоғамдық көлікте жүру тегін болады. Бұдан басқа мүгедектігі бар адамдар үшін инва және әлеуметтік таксилер қызмет көрсетпек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 20 қарашада қоғамдық көлік әдеттегі кестеге сай жүреді. Бұл күні қалалық автобустармен қатынау тегін болады. Сондай-ақ сайлау күні барлық учаскелерде буфеттер жұмыс істемек.
— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сайлау күні 20 қарашада қалалық автобустарда жол жүру тегін болады. Қоғамдық көлік қызметін штаттық режимде жүзеге асыратын болады. Маршрутты алдын ала жоспарлауларыңызды өтінеміз,– делінен Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жариялаған ақпаратта.
Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтарға дауыс беруге бар жағдай жасалған. Ғимараттарда арнайы батырма жұмыс істейді. Сондай-ақ осы күні мүмкіндігі шектеулі жандар инватакси мен әлеуметтік таксидің қызметін пайдалана алады. Осы мақсатқа 2 инватакси мен 6 әлеуметтік такси қарастырылған. Жалпы СҚО бойынша 386 мыңға жуық адамның саулауға қатысып, дауыс беруге құқы бар. 20 қараша күні өңірде 655 сайлау учаскесі жұмыс істемек.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров азаматтар EGOV mobile қосымшасы арқылы, сондай-ақ Kaspi және Halyk банктерінің мобильді қосымшалары арқылы цифрлық құжаттарды пайдалана отырып, сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасының электрондық нұсқасын ұсынуға құқылы екенін атап өтті.