Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Министр ат басын бұрған алғашқы нысан — «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені. Дәурен Әскербекұлы қазақтың айбарлы ханы – Абылай ханның өмір сүрген заманға тиесілі жәдігерлерге толы мұражайдың жай-күйімен танысты. Содан кейін Дәурен Абаев Оқушылар сарайында солтүстікқазақстандықтармен кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ұйымдастырылған брифингке қатысты.
Сондай-ақ министр бірқатар тұрғынды қабылдап, олардың мәдениет, өнер және спорт саласына байланысты толғандырып жүрген мәселелерінің оң шешілуіне қолдау көрсететінін жеткізді. Министр өз сөзінде Петропавлда мәдениет саласы мамандарын даярлауды көздейтін Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.