СҚО түзету мекемесінде сотталғандар ат әбзелдерін жасайды

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 48 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар ат әбзелдерін жасауды меңгерді. Олардың қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы № 48 мекемеде 800-ге жуық сотталған бар. Соның 160-ы ғана жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында 3 ЖШС және 5 ЖК ашылған. Оның бірі «Осипов» жеке кәсіпкерлігі ат әбзелдерін жасаумен айналысады. Бұл жерде былғарыдан жүген, ноқта, шылбыр, ертоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі жасайды.

– Кәсіпорын былтыр қаңтар айында ашылды. Бұл жерде 8 сотталған жұмыс істеп жатыр. Олар еңбекақыларымен берешектерін жапса, кейбірі қаражатты отбасына көмек ретінде жібереді. Жеке кәсіпкердің Петропавлда сауда орны бар. Шыққан өнімді сол жерде саудалайды. Облыс аудандарынан тапсырыспен істететіндер де бар, — дейді СҚО бойынша ҚАЖД № 48 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Рүстемов.

Жазасын өтеушілер жұмысқа орналасуға тырысады, өйткені осылайша мерзімінен ерте босап шығуға мүмкіндік бар. Әрі жұмыс істегендіктен мұндағы уақыттары да тез өтеді. Ол үшін ең бастысы жақсы мінездеме болуы қажет, тәжірибе маңызды емес, кез-келген жұмысты меңгеруге мүмкіндік бар.

– Бұл цехта ашылған күннен бастап жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс өзіме ұнайды, еңбекақыны керек-жарағыңды сатып алуға жұмсауға болады. Шығармашылық жұмыс болғандықтан осы жерде біраз нәрсені үйрендім. Тігін машинасына отырмас бұрын екі ай шеберлерден дәріс алдық. Қазір сурет те саламын, керек болса, қазақтың ою-өрнегімен безендіре де аламын. Бір тоқымды жасап шығу үшін орташа 3 күн уақыт керек, — дейді жазасын өтеуші Дмитрий Бочанцев.

Бұдан басқа түзету мекемесі аумағында сұйық май-күнжара, жұмсақ жиһаз, құрт шығарылса, автошеберхана, наубайхан мен металл өңдейтін цех та жұмыс істейді. Сұйық май-күнжара цехынының өзінде 17 сотталған еңбек етіп жатыр. Ал жалпы орташа еңбекақы – 50 мың теңге.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz