«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық жолдар барлық бағыттар бойынша ашық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, республикалық маңызы бар тасжолдарды қардан тазалап, құм-тұз қоспасымен өңдеуге 230 арнайы техника мен 300 маман жұмылдырылған.Демалыс күндері күре жолдарға 300 м3-тен астам құм-тұз қоспасы себілді. 26-27 желтоқсан аралығында еліміздің 9 өңірінің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 40-тан астам рет қозғалысқа шектеу енгізілді. Жолшылар республикалық трассаларда қар құрсауында қалған 300-ден астам жүргізушіге көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар тасжолдар ашық. «ҚазАвтоЖол» мамандары жолдың жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр. Өткен демалыс күндері 1403 қысқа нөміріндегі call-орталыққа республикалық трассадағы жолаушылардан 2000-нан астам қоңырау түскен.