СҚО полицейлері келе жатқан мереке қарсаңында интернет-алаяқтардың белсене қимылдауға көшетінін туралы ескертеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Желідегі алаяқтар мерекелерді пайдаланып, мереке алдындағы акциялар туралы жалған хабарламалар таратады. Мұндай хабарламаларда зиянды сілтемелер болуы мүмкін. Бұл сілтемеге өткен желі қолданушылары өздерінің құрылғысына қауіпті вирусты жұқтырады. Алаяқтар мереке алдындағы қызу қарбаласты да пайдаланады. Жаңа жылдың алдында тауарларды сату, атап айтқанда, алдын ала төлем шартымен шыршаларды сату туралы жалған хабарландырулар көбейеді. Қолдарына алдын ала төлем түскеннен кейін алаяқтар байланыс аясынан жоғалады. Айта кететіні, осындай бір жағдай Петропавл қаласында тіркелді.
– Сатушының адалдығына көз жеткізбей, алдын ала төлемге келіспеңіздер. Сатушымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіңіздер, көп жағдайда алаяқтар өздерінің бет-әлпетін көрсетуден жалтарады. Сондай-ақ мереке қарсаңында интернетте және хабарландыруларда пайда болатын ұтыс ойындар мен акцияларға аса сақтықпен қарау қажет. Зиянды сілтемелерден бөлек, жеке деректермен бөлісуді талап ететін ақшалай ұтыс туралы ақпарат болуы мүмкін. Банк карталарының нөмірлері мен картаның сыртында жазылған cvv-кодтарды, PIN-кодтарды, SMS-хабарлама арқылы келіп түсетін кодтарды ешкімге айтпаңыз, – дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.