Петропавлда полицейлер жасыратын жер ұйымдастыру арқылы синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен қыркүйек айының соңында гараж кооперативтерінің бірінің маңында қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жеке тінту кезінде 24 жастағы жігіттің қалтасынан кристал тәрізді зат салынған үш полимер түйіншек пен портфелінен 20 түйіншек тәркіленді. Оның жауабын тексеру барысында гараждардың бірінің қабырғасында жасырын орын табылды. Полицейлер осындай тағы 60 түйіншек салынған пакет тәркіледі.
Бүгінгі таңда сараптама нәтижелері алынып, оған сәйкес, тәркіленген зат “тұз” деген атпен белгілі α-PvP синтетикалық есірткі болып шықты. Алынған заттың жалпы салмағы 40 граммға жуық. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.
– Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Есірткі өткізу үшін заңнамамен қатаң жауапкершіліктің, оның санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көздейтінін еске саламыз, – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.