Желтоқсан айында ауа температурасы төмендей береді, қар қалың түседі, деп хабрлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
– Таяу күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі, қар, бұрқасын, желдің 15-25 м/с дейін күшеюі, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қалың қар, тұман, көктайғақ күтіледі. Республиканың батысы мен қиыр солтүстігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады, -делінген Қазгидромет хабарламасында.
Бірінші онкүндіктің соңында Скандинавия аудандарынан ауысқан циклон тұрақсыз ауа райын тудырады, Қазақстанның солтүстік-батыс өңірлерінде, содан кейін елдің қалған аумағында аяздың әлсіреуіне әкеледі. Болжам бойынша 2022 жылғы желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының жиі өзгеруі күтіледі. Аязды күндер жылы күндермен алмасып отырады, сонымен бірге қар, бұрқасын және екпінді жел күтіледі, Сондай-ақ көктайғақ болып, тұман жиі түседі.
Жалпы, болжам бойынша желтоқсан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында, республиканың қиыр батысында, солтүстігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде — нормадан көп, еліміздің шығыс бөлігінің басым аймағында, орталықта, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста норма шамасында болады деп болжануда.