СҚО-да жыл басынан бері 277 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 396 адам түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жылдамдық режімін бұзу болып табылатынын атап өтті.
— Жолдарда көлік тәртібін арттыру мақсатында биыл республикалық маңызы бар трассаларда және Петропавл көше-жол желісінде аппараттық-бағдарламалық қондырғылар орнатылды. Олар жылдамдық режімін, жол белгілеу ережелерін және бағдаршамның тыйым салу сигналына өту ережелерін бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдауды ескере отырып, жол қозғалысы ережелері бұзушылықтарын тіркеудің автоматты жүйелері білім беру мекемелеріне, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және басқа да авариялық-қауіпті орындарға жақын орналастырылды. Кондырғылар жұмыс істей бастаған сәттен бастап бұл учаскелерде бірде-бір жол — көлік оқиғасы тіркелген жоқ, — деді Серік Әлжанов.