С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Ашық есік күні» өтіп, қала әкімі Руслан Аңбаев тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кітапхананың «Сәбит» залына жиналғандардың қарасы қалың болды. Солардың бірі – Ақатжан Арықов. «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы осыдан 36 жыл бұрын Чернобыльде орын алған алапат апатты ауыздықтауға ат салысқан. Осы төтенше жағдайдың зардабын жоюға облыстан 4 жарым мың жерлесіміз қатысқанын атап өткен жөн. Бүгіндері олардың тек 210-ны ғана қалған.
– Апаттың кесірінен жерлестеріміз денсаулығынан айырылды. Дені дүниеден өтті. Қазіргі уақытта 7-уі баспанасыз жүр. Олар 10 жылдан астам бойы пәтер кезегінде тұрса да баспанаға қол жеткізе алмады, – деген Ақатжан Арықовтың сұрағына жауап берген қала әкімі бұл мәселені жауапты органға тапсыратынын жеткізді.
Руслан Аңбаевтың айтуынша, өкінішке қарай пәтер кезегінде тұрғандардың қатары азаймай отыр. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын көпқабатты баспаналар салынуда. Мәселен, биылдың өзінде «Береке» шағынауданындағы Сенной көшесі бойында жалдамалы пәтерлер тұрғызылды.
– 2023 жылдың жазында біз бірнеше баспананы қолданысқа береміз. Бірақ оған дейін заңнамадағы олқылықтарды реттеп алу қажет. Сондықтан сіздердің санаттарыңыз ескерілуі үшін министрлікке, орталық мемлекеттік органдарға сұрау саламыз. Бұл жұмыстардың бәрі заң жүзінде реттелуі керек, – деді қала әкімі Руслан Аңбаев.
Шаһар басшысымен кездесуге келгендердің дені баспана мәселесін көтерді. Олар бірнеше жылдан бері кезек күтіп шаршаған. Ал мүгедектігі бар Клавдия Темірова коммуналдық қызметтердің жұмысына наразы. Оның сөзінше «Арыстан» монша кешенінен аққан су тротуарда мұз боп қатқан. Бірақ оны тазартуға ешкім асықпайтын көрінеді. Нәтижесінде жаяу жүргіншілер құлап жарақаттанады екен. Қала әкімі тұрғынның бұл мәселесін назарға алып, жауапты бөлім мамандарына тапсырма берді.
– Қатқан мұзды бүгін алып тастау қажет. Ол тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Құқық қорғау органдарына сол жерге барып, кәсіпкермен сөйлесіп жағдайды реттеуді тапсырамын, – деді қала әкімі.
«Ашық есік күні» шарасы барысында жерге қатысты сауалдар көп түсті. Сондай-ақ денсаулық сақтау және құқық қорғау органдары өкілдеріне базынасын жеткізгендер де болды.
Фото: Ашық дереккөздерден.