Петропавлдағы мектеп асханаларының иелері тегін тамақтың құнын көтеруді сұрап жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі азық-түлік бағасы, инфляция және бекітілген ас мәзірі бойынша мектеп оқушысын 500 теңгеге тамақтандыру мүмкін еместігін айтқан кәсіпкерлер әрі кетсе үш ай жұмыс істегеннен кейін жабылуға мәжбүр болатындықтарын айтып дабыл қағуда. Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасының қызмет көрсету комитетінің отырысында талқыланды.
«Ботақан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Усольцеваның айтуынша, желтоқсан айы аяқталса да кәсіпкерлер келесі жылға арналған ас мәзірін де, тамақтану құнын да білмейді. Шығынды анықтау үшін есеп сұрап жатқан да кісі жоқ. Белгілі болғандай, облыстық білім басқармасы 2023 жылға арналған жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен мектептегі тамақтандыру құнын бұрынғы деңгейде қалдырмақшы екен.
-Біз мектептерде өткен жылдан бері «Жаппай оқу» қоры есебінен тегін тамақтану аясында азық-түлік бағасын 500 теңгеге дейін көтердік. Келесі жылы біз барлық оқушыларға бірдей шығын қалдырамыз, өйткені біз оны биыл көтеріп қойғанбыз, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтар.
Алайда, кәсіпкерлер бұл ұстаныммен келіспейді. Өйткені бұл құн инфляцияны, оқушылардың жасын және кәсіпкерлердің жалақысы мен басқа да шығыстарды есепке алмайды. Бұл шешім жеке кәсіпкер Валентина Пышнаяның да наразылығын тудырып отыр.
-Азық-түлік бағасының өсуі мен инфляцияны ескерсек, біз бұл қаржыға қалай тамақтандырамыз? Біздің өнімдеріміздің өзіндік құны қазіргі баға бойынша 430-450 теңгені құрайды. Ал жалақыны қалай төлейміз, басқа шығындарды қайтеміз? Қайырымдылық жасауымыз керек пе? – деді жеке кәсіпкер Валентина Пышная.
Кәсіпкерлер бастауыш пен жоғары сынып оқушысын бірдей бағаға тамақтандыру мүмкін емес екендігін айтып әлек. Өйткені екеуінің порциясы әртүрлі. Егер 0-4 сынып оқушылары үшін гарнир 100 грамм, котлет 50 грамм болса, жоғары сынып оқушылары үшін бұл тағамның порциясы 50 грамм артық. Бір қызығы, балабақшалардағы азық-түлік құнын анықтаған кезде әкімшілік инфляция деңгейін ескереді екен.
Осыған байланысты комитет отырысында білім басқармасына аз қамтылған балаларды тамақтандыру құнын 614 теңгеге дейін көтеру жайын қарастыру, сондай-ақ оқушының жасына қарай тағамның шығу нормасы көрсетілген болжамды ас мәзірін ұсыну қажет екені айтылды. Бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Жауапты мемлекеттік органның қарауынан кейін салалық комитеттің келесі отырысында қаралатын болады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге аймақтағы мектепке дейінгі және мектеп оқушыларының тамақтану құнын төмендету мақсатында ӘКК сауда желілерімен ынтымақтастықты жалғастыру ұсынылды.
Сондай-ақ отырыс барысында мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік және жекеменшік мекемелерінде жұмыс жағдайында теңсіздік баре кені айтылды. Белгілі болғандай, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда орналастырылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру көлемі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес айқындалады.
-Бұл қаржыландыруда бұрын үстеме алмаған қызметкерлердің еңбекақысын 23 пайызға, медицина қызметкерлерінің 95 пайызға көтеруге және педагогикалық шеберлік үшін төленуі тиіс қосымша қаржы қарастырылмаған. Мемлекеттік балабақшалар толық қаржыландырылады және нормативтік-құқықтық актілерде шағын жинақты балабақша деген ұғым анықталмаса да, олардың шағын жинақты екендігі ескеріледі. Осы мәселе бойынша тиісті министрлікке сондай-ақ «Атамекен» орталық аппаратының қадағалау бөліміне НҚА-ға өзгерістер енгізу туралы бірнеше рет хат жолдадық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Владимир Литвиненко.
Бұл мәселені шешу үшін палата білім басқармасына жекеменшік балабақшаларды олардың нақты шығындарын ескере отырып, қосымша қаржыландыру жөнінде сауал жіберетін болды. Сонымен қатар шағын жинақты балабақшалар да шағын жинақталған мектептерге қолданылатын мемлекеттік қолдаудан мүдделі. Осыған байланысты палата орталық аппаратқа республикалық деңгейде жан басына шаққандағы қаржыландыру (ШЖМ) бойынша НПА-ға түзетулер енгізу туралы хаттарды қайта жолдайтын болды.
Фото: ашық дереккөздерден.