Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында солтүстікқазақстандық «Qulager» клубы елордалық «Nomad» командасына қарсы қарымта ойында жеңіліс тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, кеше ғана жерлестеріміз елордалық қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Сондықтан болар, қарымта ойында «Nomad» клубы есе қайтаруға тырысып, кездесудің 2-ші минутында Астанадан келген хоккейшілер есепте алға шықты. Шайба авторы – Олег Бойко. Көп ұзамай қонақтар тағы бір нәтижелі соққы жасады (0:2).
Ойынның екінші кезеңінде жерлестеріміз есепті қысқартты. Осы жолы петропавлдық команда сапында Кирилл Казаков көзге түсті (1:2). Кейін астаналық хоккейшілер Олег Бойко мен Мәди Диханбектер кездесудегі маңызды шайбаларды соқты (1:4).
Кездесудің шешуші кезеңінде солтүстікқазақстандықтар тағы бір шайбаны қақпаға дәл дарыта алды. Ойын 2:4 есебімен елордалық команданың пайдасына аяқталды.