Ғабит Мүсірепов ауданындағы Чистополье ауылының 73 жастағы тұрғыны үйде орнатылған дабыл қаққыш қондырғысының іске қосылуының арқасында өрттен аман қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, бүгінгі таңда өртке қарсы дабыл қондырғылары өз тиімділігін көрсетіп жатыр.
– Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье елді мекенінде тұрғын үйден өрт шықты. Жатын бөлмесінде алаңсыз ұйықтап жатқан ер адам түннің бір уағында өртке қарсы дабыл қондырғысының дыбысынан оянған. Соның арқасында 1950 жылы туған үй иесі көк түтінге оранған үйден еңбектеп аман-есен шыққан. Бұл кезде өрт сөндірушілер де жетіп, тілсіз жаумен күресті қолға алған еді, — дейді Дмитрий Растихин.
Бұл үйге сақтандыру құрылғысы жылыту кезеңі басталар алдында, яғни өткен жылдың 10 қыркүйегінде орнатылғанын айта кеткен жөн.
– Осы жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 1255 дабыл қондырғылары орнатылды. Оның 1127-сі көміртегі тотығына, 128-і – түтінге қарсы құрылғылар. Алдағы уақытта тағы 248 қондырғыны орнату жоспарда бар, — дейді Дмитрий Растихин.