Қызылжарлық еріктілер Алғыс айту күнінде шаһар тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жұмысшыларға ыстық бауырсақ таратты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Осылайша жастар ауа райын талғамай, күндіз-түні еңбек ететін коммуналдық қызмет өкілдеріне алғыс білдірді. 15 ерікті 20 килограмм бауырсақты өздері пісірген. Ыстық шай толы термостар да лезде босап қалды. Аға буын өкілдері де жас ұрпаққа ақ батасын берді. Жалпы облыс орталығының тазалығын күн сайын 70 техника мен 120-дан астам жұмысшы қамтамасыз етеді. Әкімдік мәліметінше, қыс басталғалы 240 мың текше метр қар шығарылған.
— Олардың жұмыстары оңай емес. Күн-түн демей еңбек етіп, өздерінің қызметтерін атқарып отырады. Көп адамдар олардың жұмыстарын бағалай білмейді, — дейді ерікті Әнел Есмағұлова.
Қар тазалау жұмыстары кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін жүргізіледі. Мұнымен қоса тұрғындар қала көшелерінде тайғанап құлап қалмауы үшін жұмысшылар тұз-құм қоспасын да себеді. Қыс мауысымына осындай 2,5 мың текше метр реагент әзірленгенін айта кеткен жөн.
Фото: ашық дереккөздерден