Алаштың ардақтысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан» көрмесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мағжан ақынның шығармашылығы сан алуан және көпқырлы. Ол орыс, араб, парсы, сонымен қатар ежелгі түркі тілдерін еркін меңгерген. Ақын Уфадағы «Ғалия» медресесін тамамдап, Омбы мұғалімдер семинариясын алтын медальмен, Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет-көркемөнер институтын бітірді.
Көрме сөрелеріне ақынның отбасылық альбомынан суреттер, Жұмабаев әулетінің шежіресі, өмірі мен шығармашылығын сипаттайтын құжаттар мен куәліктердің көшірмелері, жеке заттары қойылды, олардың қатарында Мағжанның келіні — Бибізайыпқа сыйлаған кесесін, жайнамазын, 1923 жылы Шыққан «Избранное» кітабын ерекше атап өтуге болады. Жиналғандар назарына Жұмабаевтар әулетінің күнделікті тұрмыста пайдаланған ыдыс-аяқтары, қытай фарфорынан жасалынған табағы көрсетілді. Алаштың ардақты ұлының әр жылдары шыққан кітаптары, ол жайлы жазылған мақалалар, «Мағжан» журналы және «Мағжан оқулары» байқауының суреттері келушілерді қызықтыра түсті.